Өзгерістерді қалаған адам мүмкіндіктерді іздейді

Бұл сөздерге лайық ұстаз деп ШҚО Жарма ауданының Бақыршық орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Алия Шаймуратовна   Шаяхметова жайлы тренері ретінде айтқым келеді.

Ең алғаш Алия Шаймуратовнамен танысуым 2012 жылы деңгейлік курстан басталды. Курстың алғашқы күндері өз тобымды зерттей отырып, Алияның шығармашыл, талантты педагог екенін аңғардым. Мұғалім туралы өзімнің тренерлік күнделігімнен мына жазбаларды таптым: «оны ерекшелейтін қалыпты, таптауырын болған педагогикалық әрекеттерді қалдырып, жаңашылдыққа ұмтылуы. Ол сөз құдыретін ерекше пайдалана отырып, әріптестерімен топта шығармашылдықпен  жұмыс жасай біледі».Сол курс барысында мен оны тренердің бірінші көмекшісі деп атадым. Арада 4 жыл өткенде жаңартылған білім беру курстарында Алия тағы да менің тобымда болды. Осылайша, тағы да оның барлық тапсырмаларды жеңіл, әрі шығармашылықпен орындайтынының куәсі болдым. Курс жеңіл болған жоқ, соның өзінде Алия тапсырмаларды уақтылы орындап қана қоймай әріптестеріне үнемі қолдау көрсете отырып, өзінің қолтаңбасын ұсына білді. Мен тағы да оның әр әріптесінің мықты жақтарын байқай алатынын, рефлексия жасау, жаңартылған білім беру бағдарламасын меңгерудегі әр мұғалімнің қосқан үлесін бағамдай алатынын байқадым. Тағы да тренерлік күнделігімде «Алия Шаймуратовна  әрқашанда көңілді және кең эрудициямен, қарапайымдылықпен және зияткерлігімен, мақсаттылықпен, талапшылдықпен және сезімталдықпен ерекшеленеді» деген жазбалар пайда болды. Бүгінгі, қашықтықтан білім беру жағдайында педагог өзінің оқушыларымен жаңа жағдайдағы білім беру үдерісіне жылдам бейімделуде. Ізденімпаз мұғалім ақпараттық-коммуникациялық қарым-қатынастың кемшіліктері мен артықшылықтарын көре біледі. Төртінші тоқсанның алғашқы сабақтарын оқытудағы бейне-сабақтарын  және пікірлерін көре отырып, Алияның барлық  қиындықтарды жеңе білетініне сенімім зор.Мен Алияға шабыт, шығармашылық ынта тілеймін және тренері ретінде өз мұғалімімді мақтан тұтатынынымды мәлімдеймін! 

 Мамиева  Мара Имашевна, «Инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы